Қазақша посттар
2022-08-03 13:34 Пайдалы кеңестер

Уақытты ұрлайтын 7 нәрсе ⏱️

Күн сайынғы 24 сағаттың едәуір бөлігін ұрлап жатқан, өміріңе әбден сіңіп кеткені соншалық, зиянын өзің байқамайтын әдеттер бар. Қазір соларды атап шығамыз:


– Теледидар көру.

Үйде төрдегі теледидардан көрмесең де, компьютерден, смартфоннан көретінің анық. Теледидарды мақсатсыз көргеннен ештеңе ұтпайсың. Әрине, жақсы бағдарламалар, кинолар бар. Бірақ басым көпшілігі ештеңеге пайдасы тимейтін уақыт өлтірушілер.


– Істі кейінге қалдыру.

5 минутқа жетпейтін істі қазір жасап таста. Оны кейінге қалдырма. Үлкен істі төрт бөлікке бөліп, алғашқы бөлігін қазір жаса. Істі кейінге қалдырғанмен, бәрібір өзің істейсің. Ал кейде оны істеуге тым кеш болып қалуы мүмкін.


– «Жоқ» дей алмау.

Ақкөңіл болу жақсы, дегенмен бәрінің көңілінен шығуға ұмтылу – ақымақтық. «Мынаны жасап берші» дейтіндерге «жоқ» деп айтып үйрен. Өмір сенікі, оны біреудің жұмысын істеп өткізесің бе?


– Перфекционизм.

Перфекционист адам әрбір істің мінсіз болғанын қалайды. Бірақ өмірде бәрі мінсіз болады деп кім айтты? Істі қолыңнан келгенше жаса, бірақ мінсіз болмаса ол үшін уақытыңды құртып, жүйкеңді жұқартпа.


– Көп істі қатар істеу.

Бұл бәрімізде бар нәрсе. Көп істі тындырып жатқандай сезінесің, алайда бірде-бір ісің соңына дейін бітпейді. Мұның шешімі: ең маңызды істерден бастап, біртіндеп жасау.


– Жеке заттардың жинақы болмауы.

Әр заттың өз орны болуы керек. Әйтпесе керек кезде керек нәрсені сағаттап іздеумен күніңнің жартысы өтіп кетеді.


– Әлеуметтік желіде отыру.

Әлеуметтік желінің «Қызықты» бөліміне кіріп алып, шықпайтындар бар. Қай жұлдыз не істеп жатқанын бақылап отырғанша, пайдалы ақпарат беретін парақшаларға ғана жазылғаның дұрыс.

Ғаламторда отырып, уақытты пайдалы өткізудің бір жолы – Joo.kz-тің әлеуметтік желілердегі парақшаларына жазылу. Мысалы, телеграмдағы каналымыздан тегін видео-сабақтар және т.б. пайдалы заттарды табуға болады.