Қазақша посттар
Пайдалы кеңестер

Сабақтың материалы естен шықпау үшін 7 кеңес

Бүгін тарихтан бір параграфты өттіңдер. Сабақ ұнады, бәрі басыңда тұр. Ал 3-4 күннен кейін келесі сабақ болғанда, параграфтың бірі де басыңда қалмаған. Не үшін осылай ұмытып қаламыз? Мұның алдын алуға бола ма? Әрине, болады. Небары төмендегі ережені ұстану қажет.


1. Конспект жасау керек. Сабақтан түсінген нәрселерді өз сөзіңмен жазып шық. Түсінбеген жерін мұғалімнен қайта сұрап ал. Немесе өз бетіңмен ізденіп, интернеттен таба аласың.


2. Жаттығу жасау керек. Егер ол жаратылыстану пәндері болса, бірден есеп шығарып жаттығу қажет. Ал гуманитарлық пәндер болса, соға қатысты тест тапсыру қажет.


3. Досыңмен немесе топпен тақырыпты талқылау. Топтың жақсы жері – ол жерде әртүрлі қабілетті адамдар болады. Бірінің әлсіз жерін екіншісі толықтырады.


4. Үй тапсырмасын сол күні орындау. Сол пәннен келесі сабақ болардан бұрын үй тапсырмасын жасасаң, көп ақпарат әлдеқашан есіңнен шығып кетуі мүмкін. Сондықтан сабақ өткен күні бірден орындап қойсаң, бәрі басыңда тұрады әрі тағы бір қайталау болады. Әрі бір тапсырмадан құтылып қоясың.


5. Қайталау. Интервалды қайталау туралы айтудан жалыққан емеспіз. Материалды 20 минуттан кейін, сосын бір сағаттан соң, бір күннен соң, екі күннен соң қайталау қажет. Бұл кездейсоқ алынған уақыттар емес. Дәл осындай уақыт аралығында ми енді-енді ұмыта бастайды.


6. Сабаққа қосымша ақпарат оқы. Мүмкін сол тақырыпты жақсы түсіндіретін видео, фильм, кітаптар бар шығар.


7. Өткен сабақты жақсы есте сақтау үшін ассоциация, мнемотехника әдістерін қолдан. Жүйеленген ақпараттар, үлкен материалдың қысқаша мазмұны санада ұзақ сақталады.