Қазақша посттар
2022-07-26 18:31 Пайдалы кеңестер

Болашақ студенттерге TOP 5 кеңес 🎓

Әне-міне дегенше 11 жыл бойы білім алған мектебіңнен түлеп ұшып, жоғары оқу орнына бармақшысың. Осыған орай біз бүгін саған студенттік өмірде қажет болатын TOP 5 кеңесті ұсынғалы отырмыз.

  1. Жоғарғы оқу орны бұл - мектеп емес. Студент деген атқа ие болған соң, өз өмірің үшін жауапкершілікті өз мойныңа алып, ересек адамға айналасың. Сондықтан мектептегі балалық қылықтарыңды ұмытып, бар назарыңды оқуға сал.
  2. Бірінші курстан бастап, оқытушылардың көзіне жақсы жағыңнан көрінуге тырыс. Сондай-ақ әртүрлі шараларға қатысып, белсенді болу да болашақта жақсы жұмысқа орналасып, жетістікке жетуге үлкен септігін тигізеді.
  3. Үлгілі, белсенді және озат студенттермен дос болып, өзің де сондай болуға ұмтыл. Көп жағдайда жоғары оқу орнында бірге оқыған адамдар өмірлік достарға айналып жатады. Сондықтан кіммен дос болып, қандай ортада жүргеніңе мұқият бол.
  4. Сен оқитын жоғарғы оқу орны өзге шетелдік жоғарғы оқу орындарымен серіктес пе? Олардың бірлесіп жасаған бағдарламалары бар ма? Болса қандай? Жоғары оқу орнына түскен соң бірден осы сұрақтарға жауап іздеп, барлық мүмкіндіктерді қарастырып, сұрастыр.
  5. Ең бастысы - ештеңеден қорықпа. Студенттік шақ - саған өз болашағыңды құруға берілген алтын уақыт. Сондықтан өз-өзіңе сенімді болып, армандарыңа қол жеткізуді ғана ойла. Әрине, оқу - оңай емес, бірақ 4 жылдан кейін сен өз-өзіңе студенттік шағыңды босқа өткізбей, оқығаның үшін рақмет айтып, ата-анаң да сенімен мақтанатын болады. Қандай керемет сезім, солай емес пе?