Қазақша посттар
Пайдалы кеңестер

Емтиханда өзіңді жоғалтып алмас үшін не істеу керек?

Емтихан алдында және емтихан кезінде барлық оқушы уайымдайды. Сен ғана уайымдап жүрмін десең, қателесесің. Түр білдірмей, күліп отырған озат оқушының да алақаны терлеп тұрады. Ендеше уайымды жеңіп, қолда ұстап, әр сұраққа сенімді жауап беру үшін не істеу керек?


1) Адам білмейтін нәрсесінен қорқады әрі уайымдайды. Ал сен қандай емтиханға кіретініңді білесің. Қандай тест келетінін білмесең де, бір оқып шыққан материалыңнан келетінін білесің. Яғни, сен бұрын көрмеген, оқымаған сұрақтар келмейді. Демек, уайымдаудың жөні жоқ.


2) Керемет өткен емтиханды көз алдыңа елестет. «Барлық сұраққа жауап бердім, есептерді шештім, жақсы баға алдым» деп тұрғаныңды елестет. Бұл бейнені толыққанды, бүге-шігесіне дейін ойыңнан өткізсең, жақсы болады. Уайым туа бастағанда осы бейнені елестете салсаң болды.


3) Емтихан алдында бір күн бұрын ешқандай сабақ оқымай, демал. Ұйқыны қандырып, демалып, емтиханға келсең, арғы жағы жақсы болады.


4) Емтиханды оңай пәннен және оңай сұрақтардан баста. Олар сенімділігіңді арттырады.


5) Уайымды басатын нәрсе – терең демалу. Көзді жұмып, бірнеше рет ауаны баяу, терең ішке алып, сыртқа шығар. Бірден өз қалпыңа келесің.


6) Бұған дейін қанша рет сынақ емтиханын өттің. Сенде уақытты тиімді пайдалану, қиын есептерді шешу жағынан тәжірибе бар.

Осы айтылған кеңестердің ішінен өзіңе жаққанын қолдан. Емтиханда сәттілік тілейміз.