Қуаныштымыз! Ашуланшақ болған жақсы ғой. Ашуланшақ болмай қалсаң, қалай болар еді? Қолыңнан біреу телефоныңды тартып әкетсе, үнсіз тұра беруші едің. Қарындасыңды біреу соғып кетсе, дым істемей тұрар едің. Ашу деген адамды қорғайтын қасиет емес пе?!
Әрине, оның да орнымен қолданатын кезін білу керек. Ештеңеге қауіп төнбесе, ашуланып жүрудің қажеті жоқ. Шектен тыс ашулану жүйкеңді жұқартып жібереді. Энергияңды жеп қояды.
Ашулану деген үлкен энергия. Оны дұрыс бағытқа жұмсау керек. Жаман ашуланшақ болсаң, онда ашуыңды жақсы нәрсеге жұмса. Мысалы, екі айда ағылшын тілінің бүкіл ережелерін жаттап алуға жұмса. Егер екі айда бітіре алмасаң, сонда өзіңе ашулан.
Таңертең тұрып, бір шақырым жүгіріп келе алмайтыныңа ашулан. Сонда «менің қолымнан келеді» деп оңай жасап тастайсың.
ҰБТ-дан грантқа түсетіндей балл жинай алмайтыныңа, ата-анаңның ақылы оқытатынына жалқаулығың себеп екеніне ашулан. Сөйтіп, олай болдырмас үшін бәрін жаса. Дайындал. Әрекет ет.
Ал, жалпы, ұсақ-түйекке ашуланып тұрсаң, онда отыр. Отырсаң, онда жат. Мұздай сумен шайынып ал. Ешкімге сөйлеме және сөйлеспе. Ақылыңа айт: осы нәрсе бір сағаттан соң, бір айдан соң маңызды бола ма?