Видеоойындарда кейіпкердің күшін санмен көрсетіп тұрады. Соққы беруі – 80%, жылдамдығы – 98%, энергиясы - 70%, т.б. Оның мықты және әлсіз жақтарын көріп тұрасың. Дәл осылай өзіңді көре алсаң, қандай жақсы болар еді, иә? Жақсы жері, оны білуге болады.
Бірінші жолы – тест тапсыру. Мысалы, Галлап тесті 34 түрлі қабілетті мықтысынан әлсізіне қарай тізіп береді. Соған қарап шешім қабылдауға болады. Қандай мамандық таңдайтыныңды білуге болады. Қандай жұмыстарды істеу қиын соғатынын біліп жүресің.
Екінші жолы – дәстүрлі әдіс, яғни өзіңді өзің және айналадағы адамдар арқылы зерттеу. Қағаздың екі жағына «Менің мықты қабілеттерім», «Менің осал жақтарым» деп жазып, төмен қарай тізімді құру керек. Қай істі жасау оңай, қандай тірлікті бітіру қиын, жұрт сенің көмегіңе қандай кезде жүгінеді, қай істі жасағанда әдемі көңіл-күймен жасайсың? Соған орай жауаптары шығады.
Өзің құрған тізім дайын болғасын, енді отбасы мүшелерінен сұрау керек. Сосын достарың, әріптестеріңнен сұрау керек. Бәрінен шыққан нәтижені өзіңдікімен салыстырып, талдау жасау қажет.
Қиын ситуацияда қандай әрекет еткеніңді есіңе түсір. Бірден өзіңді қолға алып, проблеманы шештің бе? Әлде байбалам салып, әркімді кінәладың ба? Соған орай лидер екеніңді немесе тез уайымдағыш екеніңді көресің.