Бақытты әр адам әрқалай түсінеді. Біреулер қымбат киініп, материалдық байлыққа ие болуды нағыз бақыт деп санайды. Ал басқа біреулер сабағын үздік оқып, тек жақсы бағалар алуды бақыт деп біледі. Сен үшін шынайы бақыт нені білдіреді? Және бақытқа жетудің құпиясы неде?
- Оқуда үздік болып, тек "бестік" алуға ұмтылу, әрине, жаман деп айтпаймыз. Бірақ тек бағаны ойлап, баға үшін оқу - уақытыңды және өміріңді зая кетірумен бірдей. Есіңде болсын, өмірде сенің бағаларың емес, басыңдағы білімің басты рөлді ойнайды.
- Өзгелерге жақсылық жасау сені бақытты ете алады. Көптеген зерттеулер еріктілердің (волонтер) өзге адамдарға қарағанда әлдеқайда бақытты және денсаулықтары мықты болатынын анықтаған. Сондықтан әрдайым айналаңа нұрыңды шашып, қолыңнан келсе, мұқтаж адамдарға көмектесуге тырыс.
- Қолыңда барды бағалап, әр күніңе риза бол. Денің сау болып, жақындарыңның қасыңда жүргенінің өзі - үлкен бақыт емес пе?
- Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға ұмтыл. Сүйікті хоббилеріңмен айналысып, өзің жақсы көретін нәрселерге уақыт бөл. Өйткені бұлар саған қуаныш сыйлап, сені шынайы бақытқа жеткізе алатын нәрселер.