Қазақша посттар
Пайдалы кеңестер

Колледж немесе 10-сынып?

Колледж немесе 10-сынып: қайсысын таңдаймын?

Жүз мыңдаған 9-сынып оқушылары жыл сайын екі таңдаудың алдында тұрады: колледжге кету немесе 11-сыныпты толық аяқтау. Бұл таңдаудың өзі кәдімгідей қиындық тудырады. Екі таңдаудың да артықшылықтары мен кемшіліктері туралы айтамыз.


Колледжге кетудің артықшылығы:

  1. Колледж бітіріп, бірден жұмысқа орналасуға болады. Сыныптастарың әлі оқу оқып жүргенде, сен жұмыс істеп, ақша таба аласың. Ал 10-11-сыныптарды оқудың мақсаты – ҰБТ-ға дайындалып, ары қарай ЖОО-да оқу.
  2. ЖОО-ға грантқа түсуден гөрі колледжге грантқа түсу жеңіл. ҰБТ-дан жоғары балл жинайтыныңа сенімді болмасаң, грантқа түсе алмайтын болсаң, онда 10-сыныпқа бару қажет емес. Себебі университеттің ақылы бөлімінде оқу бәріне бірдей оңай емес.

Колледжге кетудің кемшілігі:

  1. Колледжде әдетте орта деңгейлі мамандарды дайындайды. Егер сенің потенциалың жоғары болса, онда 10-11-сыныпқа қал.
  2. 9-сыныптан кейін бірден жаңа ортаға бейімделу оңай емес. 100 минуттан тұратын парларда шыдап отыру; танымайтын адамдарға үйренісу біраз шыдамдылықты қажет етеді.

10-сыныпта қалудың артықшылығы:

  1. Әлі мамандық таңдамасаң, онда 2 жыл ішінде өзіңе ұнайтын мамандық таңдауға уақыт жетіп артылады.
  2. Колледж бітірген студенттен гөрі университет бітірген студенттің табысы жоғары, жақсы жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары болады. Себебі ЖОО-да мамандарды белгілі бір мамандыққа жан-жақты дайындайды. 9 сыныптық білімі бар оқушыдан 11 сыныптық білімі бар оқушы бәсекеге қабілетті.

10-сыныпта қалудың кемшілігі:

«10-11-сыныптардың оқу бағдарламасы қиын, «3»-пен оқитын балаға оның не қажеті бар» деп айтып жатады. Бірақ оқу бағдарламасы анау айтқан қиын емес. Үшпен оқитын бала төртке ауыса алады. Оған бірден «нашар оқушы» деп шешім шығара салуға болмайды.

Біз негізгі артықшылықтар мен кемшіліктерді айтып шықтық. Ары қарай шешім қабылдау оқушы мен оның ата-ананың еркінде.