Қазақша посттар
Пайдалы кеңестер

Күнделік жазып жүрсің бе?

Бұл сұрақты не үшін қойып отырмыз? Жазу – ең әсерлі психологиялық тәсіл. Сол арқылы санаңда тыным таппай жүрген ойлар қағазға түседі. Шашырап жүрген ойлар жүйеленеді. Істелуі керек шаруалар санаңда «қып-қызыл» боп жанып тұрмай, бәрі қағазда тұрады. Шашылып жатқан үйді жинаған соң көңіл-күйің қалай көтерілсе, артық қоқыстан тазарған ми да солай рақаттанады.

Проблеманы жазу кезінде жауапты өзің-ақ тауып аласың. Санаңның бір шетінде тұрғанын осыған дейін байқамай келгеніңе таңғаласың.


Бір күн ішінде сені қатты әсерлендірген оқиғаны қағазға жазсаң, эмоциялық толқу басылады.

«Сөйлей-сөйлей шешен, көре-көре көсем боласың» демекші, жаза-жаза шебер жазушы боп кетесің. Себебі адам жазып отырып ойланады. Әдемі сөздерді қолданады. Бір сөзді бірнеше рет қайталамауға тырысады. Көп жазушылардың кітаптарына материал күнделіктен алынған.

Өскен сайын бұрын жазған жазбаларыңды қарап отырып, қаншалықты кемеліңе келіп жатқаныңды байқайсың. Бұрын ақымақ болыппын ғой деп еріксіз күлесің.


Күнделікке бәрін жазу міндетті емес. Не ойыңда қалды, не санаңды тұмандатты, не толқытты, не әсерлендірді, соны өзің қалаған стильде жазсаң жетіп жатыр.

Ең бастысы күнделігіңді ешкім оқымайтын жерге тығып қой.

Күнделік жазасың ба?