Сынақ емтихан тапсырған сайын қандай сұрақтардан қате кеткеніңді байқадың ба? Өзің талдау жасап көр: көбіне қандай сұрақтардан қате жібересің? Мысалы, Қазақстан тарихынан дәуірлердің уақытынан жиі қате жіберіп жүрсең, дереу сол тақырыпты бір қайталап шығу керек. Мерзімдерді ұмытпастай жаттаудың жаңа әдісін қолдану керек.
Ал математикадан мәселе есептен жиі қате жіберсең, онда мұғалімнен мәселе есепті шешудің оңай жолдары, ұтымды тәсілдерін сұрау керек. Ары қарай өзің практика жасап, кемі 20 есеп шығарып көр.
Егер мұғалім таппасаң, сол пәнді жақсы білетін сыныптастарыңның көмегіне жүгін. Қызметі үшін бір шоколад сыйласаң, мәз боп қалады. Сыныптасың да көмектесе алмаса, онда интернеттен ізде.
Әр сабаққа өзіңнің идеяларыңды қосып отыр. Сонда есіңнен шықпайды. Мысалы, тарих қайталанады дейді. Кезінде хандар таққа таласатын. Ол қазіргі уақытта қалай көрініс тауып жатыр?
Физиканың бір заңдылығын өмірде қалай қолданар едің? Мысалы, көлік алға жүрсе, ішінде гелий үрленген шар алға жылжиды. Физиканың заңдылығына салсаң, инерция заңы бойынша шар артқа ығысу керек. Бірақ гелий ауадан жеңіл. Көлік алға жылжығанда, ауа артқа жылжиды. Нәтижесінде ауадан жеңіл гелий алға жылжиды.