Бір күні Эйнштейннен: "Егер сізге әлемді құтқаруға тек бір сағат берілсе, ол уақытты қалай жұмсайтын едіңіз?" деп сұрайды. Сонда Эйнштейн 60 минуттың 55 минутын мәселені түсінуге, ал қалған 5 минутын мәселенің шешімін табуға жұмсайтынын айтқан екен. Бұдан не түюге болады?
Бұл мысалдан мынадай қорытынды шығаруға болады: Мәселенің шешімін табуға кіріспес бұрын ең алдымен мәселенің неден пайда болғанын анықтап алу қажет.
Сонымен Эйнштейн мәселенің шешімін табуда қандай әдіс-тәсілдерді қолданған?
- Сұрақты жеңілдетіп, барынша түсінікті етіп қой. Мысалы егер саған "Өнімділікті арттырудың жолдарын айтшы" десе, сен сұрақты дұрыс түсінбей қалуың мүмкін, ал егер саған сұрақты өзгертіп, "Қалай уақытты тиімді пайдаланып, әр күніңді өнімді өткізуге болады?" деп қойса, онда сенің бұл сұрақты дұрыс түсініп, оған жауап беруіңнің ықтималдылығы жоғары болады. Сондықтан сұрақ болсын, мәселе болсын, ең бастысы, оларды дұрыс түсіне білу керек. Сонда ғана нақты жауап алып, дұрыс шешім шығара аласың.
- Мәселені теріс айналдырып қара. Мысалы "ҰБТ-дан қалай жоғары балл ала аламын?" дегенді "ҰБТ-дан қайтсем төмен балл аламын?" деп өзгертіп, өз-өзіңе сұрақ қой. Бұлай жасау саған мәселені басқа қырынан тануға көмектесіп, оның бір емес, бірнеше шешімін табуға мүмкіндік беретін болады.
- Туындаған мәселені жан-жақты зерттеп, шешу жолдарын асықпай қарастыр. "Асыққан - шайтанның ісі" демекші, бірден шешім қабылдауға тырыспа. Әбден ойланып барып, бір шешімге келуге тырыс.