Қазақша посттар
Пайдалы кеңестер

Көздің көру қабілетін қалай жақсартуға болады?

Сабақты көп оқимын, ҰБТ-ға дайындаламын деп көздің көру сапасын нашарлатып алатындар көп. Ал көз өмірбақи керек зат. Ол арқылы ақпараттың 80%-ын қабылдаймыз. Ендеше оның саулығына көп көңіл бөлуіміз қажет.


1. Егер қалалық жерде тұрсаң, тауға, далаға шығып тұр. Қаланың биік ғимараттары алысты көруге кедергі жасайды. Содан көз тек жақынды көруге бейімделіп қалады. Ал далаға шықсаң, 10 км-ге дейінгі қашықтықты көріп, жыбырлап жүрген қой не сиыр, жылқы екенін анықтауға мүмкіндік береді.


2. Тамақ мәзіріңде көзге қуат беретін өнімдер жиі болуға тиіс. Мысалы, сәбіз, асқабақ, жұмыртқа, апельсин, құлпынай, скумбрия, миндаль, сарымсақ, пияз, жүзім, жаңғақ.


3. Күн сайын көзге жаттығу жасау керек. Оның нұсқаулығын интернеттен көре салыңдар.


4. Көзді оянғаннан ұйықтағанға дейін тынымсыз қолданамыз. Ара-арасында оған демалыс беру керек. Көзді жұмып, 3-5 минут демалдыру қажет.


5. Оқитын жеріңде жарықтың мол болуына мән бер.


6. Кітап оқитын, дәптерге жазатын жерде жарық сол жағыңнан түсуі керек.


7. Компьютердің алдында ұзақ отырма. Отырған кезде көзді жиі жыпылықтатып тұру керек. Экранның жарығын тым өткір қылма. Экрандағы жазу тым ұсақ болмауы керек.


8. Түнде смартфон, теледидар қарауды азайту керек.


9. Көзге қоқым түсетін, зақым келетін жерлерде арнайы көзілдірік киіп жүру керек. Мысалы, құрылыс алаңдары. Осы кеңестерді орындасаң, көзің ұзақ қызмет етеді.