Өмірде ылғи жолың бола бермейді. Қанша еңбектенгеніңе қарамастан, ҰБТ күні ішің ауырып қатыса алмай қалуың мүмкін. Қатыссаң да мазаң кетіп, біліміңді дұрыс көрсете алмауың мүмкін. Сондайда ҰБТ-дан төмен балл алып, грант ұтудан мүмкіндігіңнен айрылып қаласың. Артынша «Ата-анамның үмітін ақтамадым. Ал олар ақылы оқуға түсіруге қауқары жоқ. Не істеймін?» деп сары уайымға салынуың ғажап емес.
Бірінші вариант. Шектік баллдан асыруға тырыс. Сенде бірнеше варианттар осыдан пайда болады. JOO.KZ арқылы қандай мамандыққа грантқа түсуге мүмкіндік бар екенін тексеріп көр. Бұл жарамаса, екінші вариантқа өт.
Екінші вариант. «Әләуләйлім таусылса, хәләуләйлім тағы бар» демекші, мемлекеттік гранттан үміт үзсең де, сізде әлі бірнеше грант конкурсына қатысуға құқығың бар. Әкімдік гранты, университет гранты, белгілі бір компанияның гранты, грант ойнататын арнайы қорлар, т.б. толып жатыр.
Үшінші вариант. Туған-туыстың басын жинайсың да, мәслихат жасайсың. «Осындай да осындай, алғашқы оқу жылымның ақысын жабылып көтеріп жіберіңіздер. Мысалы, дәрігер болсам, бәрібір алдымен пайдам сендерге тиеді. Келесі жылы грантқа ауысып аламын» дейсің және сол уәдеде тұрасың.
Төртінші вариант. Бір жыл рахаттанып демаласың. Демалуға лайықтысың, өйткені 11 жыл оқу оңай ма? Айтпады деп жүрме, ЖОО-да оқу мектептен кемінде 10 есе қиын. Енді осындай қиын жерге демалмай бірден бара салмақсың ба? Қымбаттым, саған демалу керек. Сөйтіп келесі жылы ҰБТ тапсырасың. Қалаған грантыңды ұта бересің.
Бесінші вариант. «Бос жүрген адамның досы – шайтан» демекші, бір курсқа 2 ай қатысып, бір істің маманы боп аласың. Әрі қарай жұмыс істеп, біраз ақша табасың. Сосын өзіңді қызықтырған салада ақылы курстарға қатысып, арманыңа жақындай бастайсың. Егер арманың дәрігер болу болса, онда ешқандай курс көмектеспейді. Жұмыстан жинаған ақшаңды ел, жер көруге жұмса да, қыдырып болғасын барып келесі жылғы ҰБТ-ға дайындал.
Міне, осылай жасау арқылы сен ата-анаңа масыл болмайсың.