Оқу инемен құдық қазғаннан жеңілдеді. Сонда да оқымайсыз ба?
Сіздің оқуға түсу, бір ғылымды үйренудегі мақсатыңыз не? Жұрттың баласынан қалмау ма? Әлде үйден кетуге тырысу ма? Әлде біреуге мықты екеніңізді дәлелдеу ме?
Шын оқимын деген адамның мақсаты надандықтан арылу, өзін тану, бір істің маманы болу, халыққа сол білгенімін ең көркем түрде пайдалы болу.
Ыбырайды атасы Балғожа би шенеунік болсын, төре болсын деп Орынборға оқуға түсірген. Бірақ Ыбырай 19 жасында қазақ балаларына әріп танытып, оқытуды бастайды. 1864 жылы мектеп ашып, 23 жасында мұғалімдікті ресми түрде бастайды. Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім , деп жазады ол хатта.
Эйнштейннен ұлы жаңалықтарды қалай ашқанын сұрағанда: Мен тек ғылыммен ғана айналыстым. Жатсам да, тұрсам да ойымда ғылым болды. Ғылымнан басқа іспен шұғылданбадым деген. Сіздің математикаға немесе ҰБТ-ға дайындалуға күн сайын 2-3 сағат арнап жүрмін дегеніңізді естісе, Алекең (Альберт Эйнштейн) біраз күлуі мүмкін.
Оқимын десеңіз, жанға керектінің бәрі бар. Саусақтың ұшында тұр. Бір түртіп қалсаңыз, Гугл ашылуға дайын. Ал 1991-жылдан кейін мектепке барған оқушылардың көбінде оқулық, дәптер, қалам мен қарындашы жоқ еді. Сөмкесін апасы матадан тігіп берген. Бояу қалам деген атымен жоқ. Интернет, смартфон, компьютер дегенді айтпасам да білесіз. Калькулятордың өзі бухгалтерде ғана болса бар, болмаса ол да жоқ болатын.