Қазақша посттар
2022-07-28 16:01 Мотивация

Ата-ананың үміті VS сенің үмітің

Қазақ халқының тәрбиесінде ата-ананың қадірі бәрінен артық. Жұмақ ананың аяғының астында дейміз. Осы отырғанда көпшілігіңнің армандарыңның бірі – ата-анаңды қажылыққа апару екенін білеміз. Осыдан келіп әрбір ұл мен қызда ата-ананың үмітін ақтау деген үлкен жүк пайда болады. Осы жүк кейбір жеткіншектерді жарға жығып жатады. Сүйегі қатаймаған бала көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап алады. Мысалы, әке-шешенің барлық үміті тек ҰБТ-дан жоғары балл алумен ақталады деп түсінеді.


Мысалға алайық, таудың басына шығу үшін бір құрал қажет, ол – арқан. Арқан табылмаса, не істейсің? Отыра қалып жылайсың ба әлде «тауға шықпасам да болады ғой, жерде де өмір бар» дейсің бе? Екіншісін таңдайтыныңа бәс тігем.


Тура сол сияқты ҰБТ – жоғары білім алуға арналған бір құрал. Құралға қолың жетпесе, не істейсің? «Мен біттім» деп өзіңді тұқыртасың ба, әлде «қазір қолым жетпесе, демек келесі жолы жетеді. Тіпті жоғары білім алуға арналған басқа да құралдар бар» деп дұрыс ойлайсың ба?


Біз сенің екінші жолды таңдағаныңды қалаймыз. Ата-ананың үмітінің жанында ҰБТ деген теңізге тамған тамшыдай ғана. Жақсы адам болсаң, бір істің маманы болып, халыққа пайдалы қызмет етсең, ата-анаңа «туф!» деуге де жеткізбей қызметін жасасаң, үміті ақталды деген сөз.