Елестет, сен оятқышты сағат 6:00-ге қойдың делік. Таңертең оятқыштың дауысын естіп, ұйқыңнан ояндың. Ендігі сенің алдыңда екі таңдау тұр: 1) Жуынып, таңғы асыңды ішіп, ары қарай өз шаруаларыңмен айналысу; 2) оятқышты тағы 10 минутқа қойып, ары қарай ұйықтауды жалғастыру.
Егер сен оятқышты сөндіріп, ұйқыңнан тұрып, жуынып, таңғы асыңды ішіп, содан соң шаруаларыңа кіріссең, миың дофамин, яғни бақыт, гормонын бөліп, сен өз-өзің үшін мақтаныш сезінетін боласың. Себебі сен еріншектікке салынбай, күніңді өнімді бастадың.
Дофамин деген осы. Ал енді ағзада дофамин гормонының бөлінуіне әсер ететін басқа да факторларды қарастырып көрейік:
- Өзімізге ұнайтын ән тыңдағанда ағзамызда дофамин бөлініп, керемет сезімізге бөленеміз. Әуезді ән тыңдау көңіл-күйді көтеріп қана қоймай, стресстен арылуға да көмектеседі.
- Балық, ірімшік, ет сияқты ақуызға бай тағамдарды тұтыну дофаминнің бөлінуіне әсер етіп, денсаулықты нығайтатындықтан, оларды жиі-жиі тұтынуға тырыс.
- Санаңды сансыз ойлардан демалтып, миыңды тынықтыру үшін медитация, армандау немесе қағазға ойларыңды түсіру секілді әрекеттерді жасауыңа болады. Бұл әрекеттер ағзаңдағы дофаминнің деңгейін көтеріп, стресс гормоны кортизолдың деңгейін, керісінше, төмендетеді.