Өмірде ондай адамдарды кездестірген шығарсыздар. Домбыра үйренуді бастадым дейді, бір айдан кейін бір күйді әдемілеп тартып береді. Ағылшын тілін үйренемін дейді, бір айдан соң әжептеуір сөйлем құрап айтады. Бұлар бір талант шығар деп ойлап қаласыз. Әйтпесе, сіз бір ай емес, 7-8 жыл ағылшын үйреніп келесіз. Бәрібір сөйлей алмайсыз. Бұның құпиясы неде?
Бұның анау айтқан құпиясы жоқ. Адамдар бір нәрсені үйренер бұрын екі типке бөлінеді: біріншісі – «осы қабілет маған керек» деп санайтындар, екіншісі – «осы қабілетті меңгерсем, ғажап болушы еді» деп есептейтіндер.
Осы қабілет маған қажет дейтіндер шынымен сол қабілетке мұқтаж. Музыкалық мектепке оқуға түсу үшін гитарада ойнап үйрену қажет делінсе, оны үйренуші адамға мақсат айқын болады. Бір айдан кейін Испанияға баратын адам испан тілін тез үйренеді.
Осы қабілетті меңгерсем, күшті болушы еді дейтіндер жай мақтаныш үшін үйренеді немесе мақсаты жоқтар. «Жаңа танысқан достардың арасында мені гитарада шебер ойнайды деп айтса», «ағылшын тілін екінің бірі біледі, ал бұл испан тілінде еркін сайрайды» деп айтса деп ойлатындар бар. Бұлар бір қабілетті ұзақ үйренетіндер.
Бір қабілетті үйренер алдын оның мақсатын біліп алыңыз. Не үшін керек? Оған мұқтаж екеніңізді миыңызбен түсінгенде, үйренудің оңай тәсілдерін өзіңіз-ақ тауып аласыз.