Бүгінде мамандықты екі тарап таңдайды. Бірі – өзің, екіншісі – ата-анаң. Ал осы екі таңдаудың ортасында тұрған кезде не істеу керек?
Мойындау керек, мамандық таңдау – қорқынышты нәрсе. Дұрыс таңдадым ба, әлде қателестім бе, болашақта жағдайым не болады деп ойлағанда басың қатады. 4 жыл бекер оқу мен 4 жылда білікті маман болудың айырмашылығы жер мен көктей.
Мына жағдайда ата-ананы тыңда:
– Өзің не мамандықты ұнататыныңды білмесең;
– Белгілі бір мамандық (мәселен, дәрігер, заңгер, қаржыгер, педагог) сенің отбасыңда ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, әлі күнге дейін жібін үзбей келе жатса;
– Сол мамандықты оқып бітірген соң, саған жоғары жалақы мен көңіліңнен шығатын жұмыс дайын тұрса;
Бұл шарттар қызықтырса, бұл шешімге келісім бер.
Мына жағдайда мамандықты өзің таңда:
– Мамандық деген тек 4 жыл оқитын нәрсе емес, оны өмір бақи оқисың;
– Сол мамандықтан тапқан ақшамен өзіңді, отбасыңды асырайсың;
– Қиналмай әрі рахаттана жасайтындай сезім болу керек;
– 30 жылдық жұмыстан кейін де шаршау сезімі болмау керек;
– Жұмыстан физикалық тұрғыда шаршағанда, іштей демалып, риза болып атқаратындай болу керек;
«Үйдегілер осы мамандықты таңдауымды қалап отыр» деп бір жақты шешіммен мамандық таңдау - қателік. Өз пікіріңді еркін айта білуің керек. Ата-ана сізге тек бағыт беруші. Ал жолдың қалған бөлігін жүріп өту – сенің мойныңдағы жүк.
Барлық мамандықтар тізімін, шекті баллдарды және орташа жалақысын МЫНА сілтеме арқылы көре аласың.