Қазақша посттар

Мақсатыңды ешкімге айтпа

Ақкөңілміз бе, білмеймін, бір нәрсе істейін деп жатсақ, бүкіл әлемге жар саламыз. Мен күн сайын таңғы 6-да тұрамын деп уәде беремін , Мен күніне екі сағат ағылшын тілінен оқимын, Мен үш ай үзбей спортзалға барып жаттығамын, Мен айына 8 кітап оқимын деп мақсат қоямын деп кете береді. Әсіресе, жаңа жыл басталғанда әрбіріміз тізім жазамыз. Ол қаңтардың соңына да жетпейді. Оны декларация деп те айтып жатамыз. Осыны жасамасам, шашымды тықырлап алып тастаймын , бір ай әлеуметтік желіге кірмеймін деген сияқты. Осы нәрселер дұрыс па?





Сөйтсек, бұлай жасау дұрыс емес екен. Мақсатыңды біреумен бөліспеген дұрыс. Неге дейсіз ғой? Ғалымдардың айтуынша, адам мақсатымен бөліссе, оның орындалу ықтималдығы азаяды. Мақсатын бөліскен уақытта күшті эмоция сезінеді. Ал бұл эмоция мақсатқа жеткен кезде шығатын эмоция екен. Солай, мақсатқа жетуге жұмсалатын энергияны әу бастан жұмсап қоямыз. Қуатымыз сарқылып қалады.





Ғалымдар бұлай деуден бұрын бірнеше тәжірибе жасаған. Бәрінің нәтижесі бірдей болған. Ол былай: екі топқа мақсаттарын жаздырады. Сосын бір топқа осы мақсаттарыңды танитын адамдармен бөлісіңдер дейді. Екінші топқа ешқандай нұсқау берілмейді. Содан екі топқа да мақсаттарына жету үшін сағат бойы еңбектенуді тапсырады. Бірінші топ, яғни мақсатын бөліскен топтың адамдары жарты сағаттан соң болбырап, шаршай бастайды. Күштері бір сағатқа жетпейді. Ал екінші топ, яғни мақсатын бөліспеген адамдар бір сағат бойы концентрациясын үзбей еңбектенеді.





Мақсатыңа қол жеткізген кезде бөліскен дұрыс шығар. Ал мақсатты айқындай сала бөліспеу керек екен. Есіңізде болсын.