Қазақша посттар
2022-07-26 11:56 Мотивация

ҰБТ-ға жеткізбей құлататын №1 дұшпан! 😰

Патшалардың да патшасы бар демекші, дұшпандардың да дұшпаны бар. Әсіресе, ҰБТ-ға дайындалып жүрген оқушының басты жауы – бос уақыт. Бос уақыт, жұмыссыздық, әрекетсіздік, ерігіп отыру – оны қалай атасаң да мазмұны өзгермейді. Бос уақыты бар адам – пайдасыз нәрсеге еріп кетуге ең бейім адам. Ондай адамды нәпсісі оңай азғырады. «Жүр, ойнап қайтайық», «кеттік, қыдырып қайтайық», «балмұздақ жегім келіп тұр», «ұйықтап алмадық па?», «кино көреміз бе?», «естідің бе, пәленше түгеншені ұнатады екен...». Осындай ойлар келгесін қолы бос адам кез келгенін жасай береді.


Жұмыссыз жүрген адамның ақыры барар жері – депрессия. Жұмыссыздық – депрессияның қозуына таптырмайтын тағам. Оқитын сабағы жоқ, сабаққа дайындалу жүйесі жоқ, өзін реттейтін тәртібі жоқ оқушының күйі жұмыссыз адамға әбден ұқсас. Қолы бос оқушы әлеуметтік желі арқылы қатарластарының әр жақта қыдырып жүрген суреттерін көріп, өзінің қолынан дым келмей жатқандай көреді. Солай депрессияға біртіндеп кіре бастайды.


Бұл бәледен құтқаратын нәрсе – жоспар, мақсат. Күніңді бос уақыт қалмайтындай етіп жоспарлап, соны темірдей тәртіппен жасау. Жоспардың апаратын белгілі бір мақсаты бар болуға тиіс.