Қазақша посттар

Кинцуги философиясы

Өзіңіз жақсы көріп, тек содан ғана шай немесе су ішіп жүрген кесеңізді байқамай сындырып алсаңыз қандай күйде боласыз? Әрине, өкпелі боласыз. Себебі сынған кесені желімдеп жөндеу мүмкін емес. Ал жапондықтар бұған қатысты басқаша ойлайды екен.





Ежелден бері Жапонияда сынған керамикаға жаңа өмір сыйлайды. Кетік, сынық кеселерді алып, олардың сынықтығын жасырудың орнына керісінше жылтыратып, сынған іздің үстіне әдемілеп сурет салып, реставрациядан өткізеді. Сөйтіп сынық кесе жаңа түрге ие болып, әсемденген сайын оның бағасы да жоғары болады. Бұл Кинцуги өнері деп аталады.





Кинцуги философиясының адамға үйретері көп. Көбінесе біз барлық ұшыраған сәтсіздіктерімізді үлкен бір проблема секілді қабылдаймыз. Айналамыздағылар бізге мінсіз, ең бақытты адамдар болып көрінеді. Алайда өзіңізге назар аударыңызшы, неге сіз кемшілік деп санайтын жақтарыңызды керісінше ерекшеліктеріңізге айналдырмасқа?





Сәтсіздіктерден сабақ алып, стереотиптерді бұзу және қираған нәрседен әдемі затты жасау - Кинцуги философиясынан үйренуге тұрарлық нәрсе. Алдыңызда әлі талай қиындықтарға тап боласыз, бірақ өміріңізді қуанышпен және әсемдікпен толтыру тек өз қолыңызда.