2023 жылдың түлектері ең бірінші: мамандық таңдауы қажет. Мамандығың белгілі болса, таңдайтын пәндерің де белгілі. Демек дайындықтың толық жоспарын құра аласың. Жоспар болса, күн сайын не істейтінің, қай пәнге дайындалатының айқын. Бүгін қай пәнге дайындалам деп бас қатырмайсың.
Осы жерде мамандық таңдау туралы айтқым келеді. Зумерлер (1996 жылдан кейін туғандар) бір мамандықта ұзақ қалмайды, жиі ауыстырады деп айтылады. Бәрі олай емес шығар. Қандай мамандық таңдасаң да соның жілігін шағып, майын ішкен маман болуың керек. Сенің отбасыңа, еліңе жарты дәрігер, жарты мұғалім, жарты инженер қажет емес. Ондайлар онсыз да толып жүр. Бізге білімі, білігі толық дәрігер, өз ісінің маманы болған ұстаз қажет.
Мамандықтың жаманы жоқ. Біліп қойғын, жұмыс не мамандық адамды көркейтпейді. Керісінше, адам сол жұмысты не мамандықты көркейтеді. Бойыңдағы барлық қабілеттер сол мамандықта жүріп одан сайын дамуы, ашылуы, көркеюі қажет.
Таңдаған мамандығыңның ақысын бер. Мықтылап үйрен. Қоғамға сол арқылы пайдаңды тигіз.