Қазақша посттар
2022-07-26 17:36 Мотивация

ҰБТ-ны жақсы тапсырудың сыры 😍

Идеалды сценарий немесе күн туралы ойлап көрдің бе? Емтиханнан бір күн бұрын жақсылап демалдың. Ойнадың, күлдің, достарыңмен, бауырларыңмен көңілді уақыт өткіздің. Ерте жатып, сәби сияқты ұйықтап, таңертең ерте сергек боп тұрдың. Таңғы ас ішіп, емтихан өтетін жерге бардың. Аудиторияға кіріп, тестті бастадың. Сұрақтарды бір шолып шықтың. Сосын ең оңай пәннен бастап белгіледің. Соңында бірнеше қиындау деген есептер қалды. Соларды шетінен шығара бердің.

Қобалжыған жоқсың. Алақаның да, маңдайың да терлемейді. Басың да ауырмайды. Көңіл-күйің көтеріңкі. Тест сұрақтарының көбі бұрыннан білетін тақырыптардан келіп жатыр. Уақытың бәріне жетеді. «Пәленше, көмектесіп жіберші!» деген дауыстарға мән берген жоқсың. Бұл уақытта өзімшіл болуға толығымен құқығың бар. Арасында шоколадыңды жеп, суыңды ішіп аласың.


Осылайша емтиханды жақсы деңгейде тапсырып шықтың. Нәтижесі сен күткеннен де жоғары болды. Осылай болатынын білгенсің. Себебі өзіңді осыған дайындадың. Сенімділігің әрдайым жоғары болды.


Дәл осы сценарийді ойша бірнеше рет өткіз. Ми әбден осылай боларына сенген сайын, емтихан тапсыру оңай болады. Ми қорықса, барлық мүмкіндігін қолданбайды. Ал қорықпайтын ми суперкомпьютер сияқты. Дайындалған барлық материалды қажет кезінде шығарып береді.