Қазақша посттар
2022-08-04 15:16 Пайдалы кеңестер

Өзіңе сенімділік үшін не қажет?

Адамның сапалы білім алуына көптеген факторлар әсер етеді. Мектеп, ата-ана, достары, қоршаған орта, қоғам, жеке бөлме, қабырғаның түсі, мемлекеттің саясаты, ақша, т.б. Осының ішінде ең көп әсер ететіні – сенімділік. Бір істі жасай алатынына сенетін адам оны жасайды. ҰБТ-дан жоғары балл алатынына сенбейтін адамның жоғары балл жинауы қиын нәрсе.


Өзіңе сенімділік үшін не қажет?

1) Өзіңе не керектігін өзің табу

Оқушыларда надандық ұяты деген бар. Білмеген нәрсесін сұрауға ұялады. Жақсы сұрақ – білімнің жартысы деген сөз бар. Саған не қажеттігін қысылмай білу, сұрау керек. «Мен бойымдағы өнерді көпшілікке таныту үшін гитара үйренуім қажет» деген сияқты.


2) Өзіңе не керектігін басқаларға айта алу

Ынжықтықтан өзің үшін маңызды нәрсені айта алмау. Шаштараз шашыңды дұрыс алмай жатса, үндемей отыра беру. Көрдің ғой, бұл да сенімділіктің жоқтығы. «Мен ақша төлегендіктен, соған лайық қызметті талап етемін» деу.


3) Өзіңе не керек еместігін басқаларға айта алу

Ақкөңіл болсаң, соны біреулер өз пайдасына жаратқысы келеді. «Мынаны істеп жіберші», «мынаны бітіріп берші, сен мықты істейсің» деп мақтайды. Өзі де істей алатын нәрсені мойныңа жүк қылып алма.


4) Шешім қабылдау үшін

«Мен өз киімімді өзім таңдаймын», «болашақ мамандығымды өзім таңдаймын», «қандай тамаққа тапсырыс беретінімді өзім шешемін» деп әрдайым сенімділік ұшқыны көзіңде жанып тұруға тиіс.


5) Сөзің мен ісіңе жауапкершілік алу үшін

Өзіне сенімді адам айтқан сөзінде тұрады. Айтқан нәрсесін істей алатынына сенеді. Дұрыс шықпай жатса, қатесін мойындайды. Ол – бірбеткей топас емес. Жауапкершілік деген – адамның тәрбиелі, еңбекқорлығын көрсетеді.