Қазақша посттар
Пайдалы кеңестер

ҰБТ-ға дайындықты бастауыңа кедергі болатын зат

Көз – қорқақ, қол – батыр” деп жатамыз. Асылында көз емес, көз арқылы ақпарат алып тұрған ми қорқақ. Ми деген – саған жақсылық жасаймын деп, жамандық жасап қоятын ақымақ досың сияқты. ҰБТ-ға 5 пәнге дайындалу дегенді естісе, «шаршайсың, қиналасың, бәрібір нәтижесіне көңілің толмайды. Одан да демал, күшіңді сақта, алда не боларын кім біледі» деп істемеуге тырысады.


Сен бір қадам әрекет етсең болды. Локомотив орнынан бір қозғалса болды, барлық вагонды сүйреп әкетеді. Миың қиынсынған істің қиын емес екенін қол мен аяғың дәлелдеп береді. Математикадан бір есеп шығарсаң, тағы үш есеп шығарғың келеді. Тарихтан 1 сұрақтың жауабын тапсаң, өзің білмейтін тағы бес сұрақтың жауабын тапқың келеді.


Сабаққа беттей алмай тұрғанда, ішіңнен «5, 4, 3, 2, 1» деп санап, бірден бастап кет. Бұл өмір қозғалыстан тұрады. Сабақ оқу, үйрену, есеп шығару, миды істету – бәрі қозғалыс. Ақпаған су сасиды. Ағын су ешқашан бұзылмайды.


«Басқалар да ҰБТ-дан жоғары балл жинап, грантқа түсіп жатыр ғой», «жұрттың баласы да дайындалып жатыр ғой» деп өзің сияқты қаншама оқушылар бар екенін түсін. Қазіргі дайындықтың пайдасын көретін боласың. Қазір дайындалмаудың зиянын көретін боласың.