Қазақша посттар
Пайдалы кеңестер

Тұйықтықтан арылуға 8 кеңес

Кейбіреу табиғатынан тұйық, ал енді бірі көпшіл. Көпшілігі интроверт пен экстроверттің ортасында жүреді. Адам қандай боп жаратылса да, кейбір адамдар өзіне сенімділігін жоғалтып, адамдармен араласудан қашады. Бірақ бұның бәрін өзгертуге болады.


1. Тұйықтық пен ұялшақтықты шатастырмау керек, екеуі екі нәрсе. Мысалы, интроверттер жалғыздықта өзін жайлы сезінеді. Бірақ көпшілікпен де араласады. Ал надандық ұяты – біреумен сөйлесуден қашу, қорқу.


2. Өзіңді сынауды өзіңді талдауға алмастыр. Өзіңді сынаудан сенімділігің азаяды. Ал өзіңді талдасаң, зерттесең, қай жерде нені өзгерту керектігін көресің. Мысалы, «ҰБТ-дан төмен балл алдым, барып тұрған бейшара екенмін» деудің орнына «Математикадан тригонометриядан көп қате жіберіппін, демек осы тақырыпты жақсы меңгеруім керек» деу қажет.


3. Тұйық адамдардың ең қорқатыны – айналадағы адамдардың пікірі. Бірақ олар дәл сен сияқты басқа адамдардың ойымен әуре емес. Сондықтан біреу мен жайлы не ойлайды екен деп мән берме. Мысалы, сыныптасыңмен сәлемдескенде жауап қайтармаса, ол сені жек көреді деген сөз емес. Ол сәлеміңді байқамай қалуы ғажап емес немесе ойдың тереңіне түсіп кеткен болуы мүмкін.


4. Қателесуден қорықпа. Сөзің де, ойың да, әрекетің де қате шықты, адамдарға ұнамады, қалжыңыма күлмеді деп өзіңді жеп қою – ақымақтық. Кеше ғана сәби едік, маңдайымызды қайта-қайта жерге соғып, жүріп үйрендік емес пе? «Ойбай, жүре алмай қалсам не болады?» деп уайымдаған сәбиді көріп пе едің???


5. Сенімділігіңді арттыр. Өзіне сенімді адам басқалармен сенімді сөйлеседі. Ондай адам басы таз, мұрны үлкен, ерні қалың, көзі қыли екеніне мән бермейді. Қандай кейіпте өмірге келдің, сол күйіңде өзіңді жақсы көр. Қолыңнан жақсы келетін істердің тізімін жазып ал.


6. Жаңа нәрсенің шебері болғанша үйрен. Бұл сенің сеніміңді арттырады. Әрі сол салада жаңа достар табасың.


7. Орындалуы оңай мақсаттар қойып, соған жет. Мысалы, күн сайын жаңа адаммен танысу.


8. Дейл Карнегидің «Дос табу» кітабын оқуды ұмытпа.