Қандай да бір ақпаратты тез әрі оп-оңай есте сақтап алғың келсе, онда оны оқы да, сосын басқа біреуге айтып бер. Бұл әдістің мәні мынада: адам оқыған нәрсесін толықтай түсіну үшін оны басқа біреуге түсіндіріп, айтып беруі керек. Сол кезде ғана ақпарат мида жақсы сақталады.
Бір нәрсе оқыған кезде дауыстап оқы. Бұлай оқу арқылы жылдам оқи алмайсың. Бірақ есте жақсы сақталады. Дауыс, көз, оқу арқылы үш каналмен ақпарат миға барады.
Саған қай кезде оқыған ыңғайлы? Таңертең ерте тұрып оқу ма әлде кешке қарай ма? Әр адамның организмі әртүрлі болғандықтан, ақпаратты да әркім әртүрлі уақытта және әртүрлі жылдамдықпен қабылдайды. Сол себепті де, өзіңді сергек сезініп, ең белсенді болатын кезіңді анықтап барып, оқуға кіріс.
Бір кітапты оқу керек болса, оқымастан бұрын рецензия, аннотациясын оқып, шығарманың жалпы мазмұнымен танысып ал. Бұл саған кітаптың мағынасын ұғынуға көп көмегін тигізіп, оны ұзақ уақытқа дейін ұмытпауға көмектеседі.
Айналаңдағы адамдар шулап, машина гүрілдеп жатқан кезде бірдеңе оқып, түсіну мүмкін емес. Өзіңмен өзің бола алатындай, кітапхана секілді кітаптың атмосферасы сезілетін тыныш жерге бар. Содан соң жайланып, қолыңа ыстық шоколад пен кофе алып, таңғажайып кітап әлеміне сүңгуге дайындал.