Қазақша посттар
Мотивация

Бүгінмен өмір сүр

Бізге көбірек бала болу керек шығар. Бала бір апта бұрын біреу тартып алған ойыншығын айтып күн сайын жыламайды. Алдағы уақытта да біреу тартып алар деп уайымдамайды. Оның өмірі, уайымы, жылауы, күлуі – дәл осы қазіргі сәт.


Уақыттың үш түрі бар: өткен шақ, қазір, келер шақ. Өткен шақ өтті, дүниенің байлығын берсең де оны өзгерте алмайсың. Келер шаққа қанша талпынсаң да уақытынан бұрын жете алмайсың. Не болары белгісіз құпия әлем. Демек қолымызда тек қазіргі уақыт қана бар екен. Өзгерте алсаң да қазіргі уақытты өзгертесің.


Бір қызығы, осы үш уақыттың арасында байланыс бар. Өткен шағыңда қандай амал жасасаң, қазір соның салдарын көріп отырсың. 3-4 ай бұрын ҰБТ-ға дайындалсаң, қазір біраз жақсы балл жинап жүрсің. Ал егер дым істемегеніңде қазір нашар балл жинаушы едің. Қазіргі әрекетіңнің жемісін келер шақта жейсің. Қазір түк бітірмесең, келер шағыңда бармағыңды тістеп отырасың.


Қазіргі уақытыңды қалай өткізіп жатырсың? Күн сайын уақытыңды жеп қоятын ұсақ істерден бір сәт демалыс алып, мына нәрсе жайлы ойлан. Өмірден өз жолыңды қалай табасың? Өзің сүйетін, қабілетіңе сай келетін, қолыңнан келетін, саған табыс әкелетін және қоғамға пайдалы істі немесе жолды табу туралы ойландың ба?