«ҰБТ-ға дайындалуым керек», «онсыз да оқуым керек кітабым толып жатыр» деген желеумен әдеби кітап оқуды мүлдем қойып кеткендер бар. Оларға керісінше «Оқы!» деп кеңес береміз. Неге?
1) Әдеби кітап санаңды демалдырады. Ол жерде миыңды ашытатын ақпарат жоқ. Дата, адам есімдерін жаттамайсың. Жазушының жазу шеберлігіне елітіп, көркем сөздердің әсеріне бөленіп отыра бересің.
2) Әдеби кітап оқығанда ми босаңсиды. Демек, босаңсыған ми күні бойы шешімін таппаған мәселенің оңай жолын табады. Бұл тура душта немесе ұйқысырап отырғандағы күймен тең. Мұндай күйге түскенде идея деген көп келеді.
3) Әдеби кітапта айтылатын оқиғаларды оқығанда, оқырман дәл сол күйді басынан кешеді. Кейіпкер жүгіргенде соған жауапты нейрондар белсенді болады. Кейіпкер ғашық болса, оқырман да сезімге беріледі. Орындықта қимылсыз оқып отырсаң да, жүйке жасушаларың жаттығу жасап, жасарып жатады.
4) Әдеби кітаптағы сценарий өмірде қайталанса, оқырман бірден дұрыс, ізгі жолды таңдайды. Себебі кітап оқығанда ол әлдеқашан шешім қабылдап қойған.
5) Әдеби кітап сөздік қорыңды байытып, әдемі сөйлетіп, біреумен әңгімелескенде таным көкжиегіңнің тереңдігін танытады.
Бұл әдеби кітап оқудың көптеген пайдасының бір бөлігі ғана. Саған «Абай жолын» немесе «Анна Каренинаны» оқы демейміз.Бірақ сюжеті қызықты, тілі шұрайлы, жаныңа жағатын жанрдан кітап оқуыңа кеңес береміз.