«ҰБТ-да біртүрлі қобалжып кеттім. Сөйтіп дым жауап бере алмадым. Бірақ жыл бойы жақсы дайындалған едім» - дегеннің талайын естіген шығарсың...
ҰБТ-да осындай жағдайға түспеу үшін үш қаруыңды сайлап ал.
Бірінші - өз-өзіңе сенім. Сен жыл бойы (мүмкін бірнеше жыл) осы күн үшін, дәл осы сәт үшін дайындалдың... Әрине, ҰБТ сенің бүкіл өміріңді шешетін сынақ емес. Дегенмен грантқа түсіп кетсең, өзіңе де, басқаға да жақсы. Қолыңнан келетініне сенеміз. Сен де СЕН!
Екінші - сасқалақтамау. ҰБТ кезінде сенің айналаңда толған у-шу боп жатуы мүмкін. Солардың әрқайсысына жалтақтай берсең әрі уақытыңды, әрі фокусыңды жоғалтасың. Назарыңды бір істен аудармай, соңына дейін жеткізуді үйрен.
Үшінші - ұйқы. Сен жаттаған ақпараттар ұйықтағанда миыңа орнығады, бекиді. ҰБТ-ға әбден дайындалып, бірақ ұйқың дұрыс болмаса, тынықпаған ми барлығын шала-шарпы сақтайды. Күніңді жоспарла. Дұрыс ұйықта. Дұрыс тамақтан.
ҰБТ алдында көп уайымдап, өзіңді қинама! Мазасыз ойлар жүйкеңді жұқартады. Ал ҰБТ-да мықты жүйке керек болады.