Ойлап көрші... өмірде адам ешқашан қателік жібермейтін болса; жұрттың бәрі бірден дұрыс шешім қабылдайтын болса – өміріміз қалай болар еді? Барлық сәби жерге құламай бірден жүріп кетер еді. Бәріміз ҰБТ-дан 140 балл жинаушы едік. Бәріміз грантта оқушы едік.
Компанияға жұмысқа тұрғанда резюмеңді сұраса, өмірі ешқандай қателік жібермеген соң, ештеңеден сабақ алмаған біреу болар едің. Айтшы енді, осы өмір қызық па?
Жалығып кеткенің сонша, үйден шыққың келмес еді. Себебі қиналып оқысаң да 140 балл жинайсың. Сабақ оқымайтын досың да 140 балл жинайды.
Сондықтан өмір ащы сабақтарымен қызық. Сүрініп, қайта тұру арқылы қайсар рухтың не екенін үйренесің. ҰБТ-дан жоғары балл жинап, бірден оқуға түсіп кеткен адамнан гөрі, бірнеше рет құлап барып грантқа түскен адамның оқиғасы әсерлірек.
Қазақтың «Көп жасаған адамнан емес, көпті көрген адамнан сұра» деген сөзі бар. Тіршіліктің талай сынағынан сынбай өткен адамның ақылы жүректен жүрекке жетеді.
Егер ҰБТ-дан аз балл алып жатсаң, титтей де мұңайма. Жарайды, 20 минут мұңаюға өзіңе рұқсат ет. Одан ары жол берме. Өйткені ол оған тұрмайды.