Қазақша посттар
Мотивация

Не үшін мектепке баруым керек?

Бірінші қыркүйекте мектепке бару бірінші сынып оқушыларына мереке болса, жоғары сыныптағылар үшін онша емес нәрсе. Біреуге мектептің ұнамауына мектебі, мұғалімі, сыныбы, сыныптасы, сабақ себеп болуы мүмкін. Бірақ битке өкпелеп, тонды өртеуге болмайтыны секілді, мектепке де бармай қоюға болмайды. Оның үстіне екі жылдан бері мектепке қолымыз енді жетті. Үйде оқып жалықтық. Қызықтың бәрі мектепте екен. 

Мектеп таным көкжиегін арттырады. Тарыдай болған білімің таудай боп шығады. Математиканы оқып, әлемнің есептен тұратынын көресің. Физиканы оқып ғаламның заңдылықтарын үйренесің. Биологияны оқып, адамның ғажайып жүйеден тұратынын біліп таңғаласың. Әдебиетті оқып, шығармашылық өнердің қандай ғажап екенін көресің. 

Айнымас достар табасың. Мектептен қалыптасқан достар өміріңнің соңына дейін ажырамайды. Мектепте жүріп командада болу, дауды шешу, адамды тануды үйренесің. 

«Тригонометрияны өмірде қолданбасам, не үшін оқимын?» Осы сұрақты алгебра мен геометрияны оқымауға сылтау қылатындар бар. Әрине, барлық формула өмірде қажет болмауы мүмкін. Бірақ олар мидың барлық бөліктерін қозғап, шынықтырады. Аяғын шынықтырған бала футболда мықты ойнайтыны секілді, миын жаттықтырған бала түрлі саладан жүйрік боп шығады. 

Мектепте баланың өмірлік бағыты қалыптасады. Әртүрлі пәндерді оқи отырып, баланың қызығушылығы айқындалады. Есепке жүйрік бала соған сай мамандық таңдаса, адаспайды. 

Мектеп шыдамдылыққа баулиды. Бірінші сыныпта екі сабақ, алтыншы сыныпта төрт сабақ, жоғары сыныпта алты сабақ. Жүктің көлемін бірте-бірте көбейтіп, төзім дейтін ащы қабілетті бойға сіңдіреді.