№1 Жоспарла.
Уақыттың 10%-ын жоспарлауға жұмсасаң, оны орындауға кететін уақыттың 90%-ын үнемдейсің. Тапсырмаларды блокнотқа немесе телефондағы органайзерге жазып жүр. Қағазға жазылған жоспар – мақсатқа жетудің алғашқы қадамы. Бүгін не істейтініңді кеше шешіп қойған жақсы. Жоспарды күн ішінде өзгертуге болады. Шұғыл емес істерді ертеңге қалдыруға болады. Бірақ оған әдеттеніп кетуге болмайды. Қиын істерді бірнеше ұсақ істерге бөлу керек. Ұсақ істерді шетінен істеп бастау керек. Орындалған істерді сызып отыр. Сонда ішіңнен рахат сезімі оянады. Ыңғайлы десең, онда приложение қолдан: Trello, ToDo.
№2 Ең маңызды істерді алдымен орында.
Барлық іске уақыт жетпейді. Бірақ ең маңызды іске бәрібір уақыт жетеді. Әрбір істің жанына оның маңыздылығын жазып қой. Ол үшін елестетіп көр: қай істі бүгін орындамасаң, салдары жаман болады? Мысалы, бүгін математикадан тапсырма орындамасаң, ертең екі тапсырма жасауың керек болады. Мұндай істер маңызды әрі шұғыл орындалу керек.