Найзағайды көріп не ойлайсыз? Қорқыныш пен таңғалу қатар келетін табиғат құбылысы. Ақ көйлек кисе, соның үстіне түседі екен деп қорқатындар әлі де бар ма екен?😁 Найзағайға қарап, қызық ойлар туады. Қай жағынан қарағаныңа байланысты...
⚡️Біріншісі, оң жағынан қарағанда: Найзағай жерге түсерде алдымен бұтақтары тарам-тарам боп басталады. Бұтақтар барлаушылар. Олар кедергісі жоғары тұсты айналып өтіп, кедергісі аз жермен жүреді. Содан қай бұтақ жерге бірінші түссе, соның артынан негізгі алып энергия түседі. Осының бәрі қас-қағым сәтте өте шығады. Ой: өмірде А пунктінен Б пунктіне жиі жолға шығамыз. Ол мақсат, жоба болуы мүмкін. Алдымыздан көп кедергі шығады. Ата-анаң, достарың, дұшпандарың, туыстарың бетіңнен қайтаруы мүмкін. Сондайда тоқтап қалмай, найзағай секілді айналып өту керек. Қай жолмен мақсатыңа тез жетесің, соған негізгі қуатыңды жұмсау керек. Мысалы, компания жарнама жасайтын кезде бірден үш түрін бірдей аз уақытқа жібереді. Сосын уақыт біткенде нәтижеге қарап, қайсысы тиімді екенін талдайды. Сосын сол тиімді жарнаманы жібереді, қалғанын тоқтатып тастайды.
⚡️Екіншісі, теріс жағынан қарағанда: Найзағай секілді қиындықты айналып өтіп, оңай жолмен жүрсеңіз, қаншама энергияңыз болса да жалп етіп бір сәтте сөніп қалуыңыз мүмкін. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрген соң, мақсатқа тез жеткендей боласыз. Алайда жайтартқыштың найзағайды жұтып алғанындай, барлық эмоцияңыз, күшіңіз жұтылып қалғандай болады. Әр мақсаттың ақысын беріп тұрып жету керек. ҰБТ-ға жыл бойы еңбекпен дайындалып, грант ұтудың қадірі қандай? Және ҰБТ-ға еш дайындалмай, сатып алып, грант ұтудың қадірі қандай?
⚡️Үшіншісі, сыртынан қарағанда: Бұлт секілді жабырқап, түнеріп, анау болмайды, мынау шықпайды деп арыздана бермей, найзағай секілді жарқ етіп, энергияң тасып тұру керек. Тасты тесіп шыққан гүлдей, қап-қара бұлтты тесіп шыққан найзағайдай, өмірде де кез келген мақсатқа тесіп шығу керек. Осы бала түбі бір жерді тесіп шығады деген сөзді өзіңе айту керек. Иә, мен кім екенімді, нені қалайтынымды, не істейтінімді анық білем. Соған жетем! Оған қуатым жетеді!!!