Қазір білім алып, өз-өзін жан-жақты дамытқысы келетін адамға мүмкіндіктер көп. Технологиялар дамып жатқан кезеңде интернеттің беріп тұрған мүмкіндіктерін барынша пайдаға асыру қажет. Осының барлығын біле тұра, бізге кедергі болатын бір нәрсе бар. Ол - қолайлы уақытты күту, бірден бастап кете алмау.
Бұл кедергіден арылу үшін күніне өз-өзіңе 15 минут арнау жеткілікті. Мысалы, сенің тіл үйренгің келеді делік, ендеше, әр күн сайын өзіңе тіл үйренуге 15 минут уақыт бөлуден баста. Кезекте тұрғандағы, қоғамдық көлікте отырғандағы немесе т.с.с. кездердегі уақытыңды санасаң, 15 минуттан асып кетпесе, кем түспейді. Сондықтан "уақытым жоқ" деп айтпасаң да болады.
Екінші нәрсе: тілді қай уақытқа дейін және қаншалықты деңгейде үйренгің келетінін анықтап, соған сай алдыңа нақты мақсат қоя біл. Бұл тек тіл үйренуде ғана емес, кез келген істе ескерілуі тиіс нәрсе.
Ең бастысы, тіл үйрену процесі саған қызық болуы керек. Мысалы, кейбіреулерге кітап оқығаннан гөрі подкаст тыңдаған көбірек ұнауы мүмкін. Ал басқа біреулерге керісінше болуы мүмкін. Сондықтан тіл үйренуде, маңыздысы, өзіңе ұнайтын, қызықты әрі қолайлы жолдарды табуға тырыс. Сонда ғана тіл үйрену процесі сен үшін нағыз сауыққа айналатын болады.