Қорқыныштың ең үлкені - сәтсіздіктен қорқу. Мейлі оқушы, мейлі студент, мейлі кәсіпкер болсын, бәрі жолы болмаудан қорқады. Бірақ құлаусыз, сүрінусіз, жығылусыз жетістікке жету мүмкін бе? Әрине, жоқ. Сендерге шаңғы не сноуборд тебуді қалай үйрететінін айтып берейік.
Сноубордта әлі тік тұра алмайтын алғашқы кезеңде жаттықтырушы алдымен құлауды үйретеді. Неге тебуді емес? Себебі: адамды орнынан қозғалтпай, тырп еткізбей тастайтын сезім құлаудан қорқу. Сондықтан сноубордты үйренуің үшін кем дегенде мың рет құлауың қажет. Сонда ғана сенде батылдық пайда болады. Сенімен ең қорқынышты нәрселер болып қойды, енді неден қорқуың мүмкін?
Сноубордты (немесе шаңғыны) жақсы көруің мүмкін. Бірақ құлаусыз үйрену мүмкін емес. Сол сияқты өмірде сүйікті ісіңді табуың мүмкін. Бірақ сүйікті ісің жеңіл болады деген сөз жоқ. Өзің ұнатқан мамандыққа түсу үшін бірнеше рет құлаудың түк зияны жоқ. Құлаған сайын мықты боласың.