Біз мамандыққа қатысты емес, жеке басымызға қатысты даму саласын айтамыз. Олар: рухани, физикалық, эмоциялық, тұлғалық даму. Осы төртеуін дамытуға күш салсаңыз, сізден бірдеңе шығады.
Физикалық даму спортпен шұғылдану арқылы жүзеге асады. Оның ішінде ең жақсылары: жүгіру, секіру, велосипед тебу, суға жүзу. Спорт тек денені емес, миды да шынықтырады.
Ішкі әлемді де ұмытпау керек.
Рухани кітаптар (сектаның кітаптары емес) оқып, рухтың азығын беру керек. Тарихи кітаптар немесе халық әдебиеті бұл жағынан көмектеседі деп ойлаймын.
Эмоцияны дамыту сезімдерді басқара білу. Мінезіне ие бола алмайтын, сезімін басқара алмайтын адамдар өте дөрекі, жиіркенішті көрінеді. Салқынқандылықты қиын жағдайда сақтай білу, ақылмен шешім шығару, манипулятордың қармағына түсіп қалмау, қажетті кезінде қуаныш пен қайғыңды көрсете білу бәрі сезімді шынықтыруға арналған.
Тұлғалық даму тал бесіктен жер бесікке дейін жалғасады. Мен бүгін кешегіден де жақсы болам, ертең бүгіннен де жақсы болам деп ұмтылыс жасау керек. Тұлғалық даму кітаппен, мықты маманның кеңесімен, жақсы достардың әсерімен, отбасының қолдауымен жақсы жүреді.
Ал сізде қай сала ақсап тұр?