Бәріміз де өз шаруаларымызды бітіріп, міндеттерімізден құтылуға асығамыз. Егер бір шаруамыз бітпей қалса, қашан соны аяқтамайынша жай таппаймыз. Таныс жағдай ма? Бұның да психологияда өз атауы бар екен, яғни Зейгарник деген психологтың құрметіне Зейгарник эффектісі деп аталады.
Бұл әдістің бізге тиімді жақтары: оқу процесін жетілдіруге, еріншектікті жеңуге қолдансақ болады. Мәселен, тарих пәніне дайындалып жүрсеңіз, дайындықты бірнеше бөліктерге бөліп қойыңыз. Керей мен Жәнібек хандардан бастап оқып жатқанда, соңына дейін жеткізбей, ең қызықты шетінен оқуды тоқтатыңыз. Неліктен? Себебі осылай Керей мен Жәнібек хандар жайлы оқығаныңыз анағұрлым есте сақталатын болады. Егер бір оқығанда барлығын оқып тастасаңыз, ақпараттың көп бөлігі естен шығып кетеді. Ал қызықты жерінен тоқтап, келесі күні сол жерден бастап оқитын болсаңыз, ақпарат ұзаққа есте сақталады.
Сонымен қатар көбісі маңызды тапсырмаларды кейінге қалдырып, соңғы сәтте ғана үлгеріп орындап жатады. Бұл еріншектікке жатады, арты әдетке айналып, жақсылыққа апармайды. Түрлі қисынсыз себептерге байланысты, дайындықты әлі күнге дейін бастай алмай жүрсеңіз, қаншалықты кішігірім болса да сол пәннен алғашқы қадамды жасау керек. Бастысы бастап кетсеңіз болды, сонда Зейгарник эффектісіне сәйкес, ми келесі қадамдарды да жасау керектігін, бұл дайындықтың толық аяқталмағаны туралы ойлауды жалғастыратын болады. Сөйтіп сізге дайындықты ары қарай жалғастыру жеңілдей түседі.
Зейгарник эффектісі туралы не ойлайсыз? Байқап көргіңіз келе ме?