Қазақстан үшін әлі ешқандай мамандық жойылмайды. Неге?
Себебі біздің даму деңгейіміз тым төмен. Бақшаларда әлі кетпен, егістікте әлі Совет дәуірінің комбайндары, компанияларда 1С бағдарламасымен жұмыс істейтін бухгалтер, қоймаларда әлі күнге дейін адам күшін қолданады. Шетелден қонақтар келсе, жанында қарапайым синхронды аудармашы жүреді. Кітапханада әлі де кітапханашы бар; үй алу үшін риэлтордың қызметіне жүгінесің; тауарды жеткізу үшін қарапайым диспетчер жұмыс істейді; мұражайға барсаң, гид жалдайсың. Бір жерге бару үшін шопыры бар көлік жалдайсың.
Әрине, бұл мамандықтар шетелде басқаша жүргізіледі. Мысалы, мұражайда экскурсоводтың орнына аудио-гид жұмыс жасайды. Амазон компаниясының қоймаларында роботтар тауарды жинап, тұтынушыға жібереді. Оны дрондар тасиды. Бір адам жалғыз өзі бірнеше мың гектар жерді өңдеп, жылына 4 рет өнім жинайды. Жолаушыларды жүргізушісі жоқ көліктер жеткізеді. Тауарды жеткізу үшін диспетчерге мұқтаж емес, себебі өндіріс толықтай автоматтандырылған.
Мұндай деңгейге жету үшін әлі 50 жыл қажет болар. Оған дейін бұл мамандықтар жойылып кетеді деп қорықпа. Сеніммен таңдай бер.