Қазақша посттар
2022-08-04 14:12 Пайдалы кеңестер

Позитивті бол

Біреу туралы жаман ойлап, тура шыққанша, жақсы ойлап, қателескен жақсы

Жақсы ойдағы адам айналасынан тек жақсылық көреді. Іші жаман ойға толы адам айналадан тек жамандық көреді. Осыны өзің тексеріп көр. 

 

Бір күн бойы барлық нәрседен жақсылық ізде. Кездескен адамнан, ауа райынан, көшеден, қоғамдық көліктен, үйден, мектептен, ағаштан, табиғаттан тым болмаса бір жақсылық тап. Анау адамның тістері маржандай түп-түзу екен; ауа райы (ыстық болса) суға түсетіндер үшін жайлы боп тұр екен; біздің үйдің кілемдері өте әдемі; осы мектептің ауласындағы гүлдер өте көп; мына ағаштың жапырағы қою көлеңке түсіреді екен; 

 

Алғашында қиын болады. Не үшін? Өйткені біз бәрінен тек жамандық тауып үйреніп қалғанбыз. Жақсылық көруден қалғанбыз. Сондықтан жақсылық табу қиынға соғуы мүмкін. Бірақ бірте-бірте жақсылықтың көп екенін байқайсың. 

 

Ары қарай қызық басталады. Айналаңнан жақсылық көрген сайын ылғи күлімдеп жүресің. Қабағың ашылып, маңдайың жазық болады. Көңіл-күйің көтеріледі. Өзің де адамнан бастап құмырсқаға дейін жақсылық істегің кеп тұрады. 

 

Жақсы сөз – жарым ырыс. Жақсылықтың қайтарымы – тек жақсылық.