Қазақша посттар
2022-07-26 16:16 Мотивация

Емтиханнан өтпей қалу қорқынышты емес екенін дәлелдейміз 📣

ҰБТ-дан төмен балл жинап, көңіл күйі болмай жүрген оқушылар аз емес шығар. Тек сен ғана аз балл жинап қалғандай сезінбе. Сен жалғыз емессің. Тағы кімдер емтиханнан өтпей қалғанын айтайын ба?


Уинстон Черчилль

Әлемге танымал саясаткер үш рет мектеп ауыстырған. Емтиханнан аз балл жинағаны үшін. Сосын әскери оқу орнына үш рет тапсырған. Біреудің оқудан шығып қалуына байланысты амалсыздан оқуға алған. Соңы немен біткенін білесіңдер.

Альберт Эйнштейн

Цюрихтегі жоғары техникалық оқу орнына тапсырып, түсе алмаған. Оның директоры болашақ ғалымға «Дұрыстап оқып, дайындалып кел» деп сынаған. Екінші рет тапсырып, тағы да түсе алмаған. Оны қоя берші, Альбертті еш жерде жұмысқа алмаған, әскерге де қабылдамаған. Ал сен «ойбай, ҰБТ-дан құладым» дейсің...

Уолт Дисней

Оны газеттегі жұмысынан «креативті ойлай алмайсың» деп шығарып жіберген. Микки Маусты «мына тышқан әйелдерді қорқытады» деп қаншама студия қабылдамаған. Сонда да алған бетінен қайтпаған Дисней кейін жетістікке жетті. Сосын өзін жұмыстан шығарып жіберген газетті, қабылдамаған студияларды басы бүтін сатып алған. Кім біледі, ішінде жастық шақтың кегі қалып қойған шығар...

Тим Бертон

Әлемдегі ең атақты режиссердің бірі саналатын Тимді Уолт Дисней жұмысқа алмаған. Оның алғаш түсірген мультфильмдерін «балалар үшін өте қорқынышты» деп бағалаған. Сол кезде алған бетінен қайтса, Тимнің қазіргі туындылары болар ма еді???

Джоан Роулинг

Күйеуімен ажырасқан, жұмыстан шығып қалған Джоанның кітабын бақандай 12 баспа қабылдамаған. Қандай депрессия десеңші! Блумзбери баспасы сынақ ретінде аз ғана тиражбен басып көріп еді, ақшаның астында қалды. Қалған 11 баспа авторға қайтадан үлкен ақша ұсынып, «кітабыңды біз басайық» деп жалынған. Бірақ автор сол баспамен келісімді үзбеді.

Зигмунд Фрейд

Психологияда ойып тұрып орын алатын ғалымды Вена университеті жұмысқа алмай қойған.

Стивен Спилберг

Кино түсіруді үйрететін университетке алғаш тапсырғанда балы жетпей қалған. Екінші ретте бұған «сенде дым дарын жоқ» деп қайтарып жіберген. Сосын ол басқа ЖОО-ға тапсырып, тағы да түсе алмаған. Амал жоқ, техникалық колледжге түскен. Енді қай ЖОО оны біздің түлегіміз деп мақтанатынын түсінген шығарсың.

Юрий Никулин

Юрийді мемлекеттік кинематография университетіне алмай қойған. «Түрің киноға түсуге жарамайды» деп ашығын айтқан. Сосын ол театр институтына тапсырып, оған да түсе алмаған. Тағы екі театр өнері оқу орнына тапсырып, тағы да түсе алмайды. Ақыры циркке кетіп тынды. Ал кино оны өзі іздеп тапты.

Дмитрий Менделеев

Химиядан бірінші орында тұратын ғалымды кім оқуға алмай қойғанын білесің бе? Мәскеудегі жоғары оқу орны. Амал жоқ, ол бірдеңе ғып Санкт-Петербургке оқуға түседі.

Сен де бір ерекше адамсың. Әлемде сендей адам жоқ. Ешбір емтихан сенің болмысыңды өзгерте алмайды. Басыңа үкім шығара алмайды. Қазір оқуға түсе алмасаң, демек сені одан да жақсы мүмкіндіктер күтіп тұр. Тек дайын бол!