Қазақша посттар
2022-07-26 18:08 Пайдалы кеңестер

Университет туралы 8 миф 🎓

Олардың қайсысы рас, қайсысы жалған екенін тексерейік.

1. Диплом алсаң, жұмыс дайын. Бұрын сондай болған шығар, бірақ қазір ондай емес. Дипломы бар жұмыссыз жүрген адамдар қаншама! Тіпті бір емес екі жоғары білімі бар адамдар да көп.

2. Ұлы адамдар университетті тастап кеткен. Ондай адамдар бірен-саран бар. Мысалы, Стив Джобс, Марк Цукерберг, т.б. Бірақ бұлар бәріне бірдей үлгі емес. Бұлар нақты не істейтінін білген, айтарлықтай білімі, тәжірибесі бар адамдар. Ал сен білімсіз күйде оқуды тастап кетсең, ұтыласың.

3. Дипломы бар мамандардың айлығы жоғары. Ол бәріне бірдей пайдалы болмауы мүмкін. Мысалы, мұғалімдер магистратура бітірсе, онда айлықтарына қосымша ақша қосылады.

4. Жоғары білім туралы диплом алу міндетті емес. Егер фермер болсаң, онда жоғары білім туралы дипломның қажеті шамалы. Ал егер дәрігер, мұғалім сияқты маңызды салаларда дипломсыз тұмсығыңды сұға алмайсың.

5. Дипломы жоқ мамандар – білімі толық емес адамдар. Кейде өмір ең жақсы ұстаз. Дипломның де ең жақсысын береді, ащы сабақпен үйретеді. Тәжірибесі көп адамдар дипломы бар адамнан да көп білуі мүмкін.

6. Жұмыс тәжірибесі дипломнан маңызды. Бұл рас пікір. Отыз диплом алып, бірақ практикада сынап көрмесең, пайда жоқ.

7. Барлық білімді интернеттен ала салуға болады. Ол мамандыққа байланысты. Егер код жазу, программалау, дизайн болса, оны үйренуге болады. Ал хирургияны интернеттен қалай үйренбексің?

8. Университеттің беделі жоғары болса, білімі де жоғары. Бұл көбіне шындыққа жанаспайды. Мүмкін дамыған елдерде басқаша шығар, мысалы, Гарвард, Оксфорд. Ал Қазақстанда университеттің аты дардай, мүйізі қарағайдай болса да, білімі нашарлау болуы ғажап емес. Ол мамандыққа байланысты өзгереді. Бір университет бір мамандықты жақсы оқытады.

Қазақстандағы барлық университеттер тізімін біздің қосымшада, «ЖОО»‎ бөлімінен көре аласың.