Қазақша посттар
Мотивация

Грант ұттым. Енді кім боламын?

JOO.kz консультанттары талапкерге мамандық таңдауға көмектесерде ата-анасының баламен бірге шешім қабылдағанын қалайды. Сонда ата-аналардың 90%-ы бала үшін таңдау жасай салады, яғни, бір жақты шешім. «Баламды дәрігер болатын мамандыққа жаз», «биологиядан мұғалімдікке жаза сал» деп шорт кеседі. Нәтижесінде оқушы «жалпы медицинаға түсіппін. Енді кім болам?» деп, кім боларын әлі өзі түсінбей жүреді. Бұл баланың жағдайы «жұртпен таласып, тырмысып, кемеге мінуге қолы жеткен бала» сияқты. «Ал, кемеге міндік. Бұл енді қайда жүзеді?» деген сұрақ қояды өзіне. Бұл бала осы кеменің әлі түрлі жаңбырлы, қараңғы, бұлтты күндерді бастан өткізіп, таудай толқындармен алысып жүзетінінен хабарсыз.


Бұл көптеген оқушылардың басындағы жағдай. Ата-анасына салсаң «Кім боламыны несі? Дәрігер боласың. Укол салып, система қоя алсаң, бізді емдей алсаң болды» деген жауабы дайын. Баланың дәрігер болғысы келмесе ше? Немесе өзі дәрігер бола алмаған ата-ана осы мақсатқа баласы жетсін десе ше?


Бала өзі таңдамаған оқуды жақсы оқып, мықты маман боп шықса жақсы. Алайда ата-анасынан ығып, оқуын жалғастыратын талапкерден көбіне олақ дәрігерлер, салақ ұстаздар шығады. Өмірлеріне риза емес. Жұмысын сүйіп істемеген соң мұндай мамандар алдындағы пациентті не оқушыны қадірлемейді. Біздің елімізде білімі жарты мамандар өте көп.


Біз елімізде өз ісін сүйетін мықты мамандардың көп болғанын қалаймыз. Мейлі ол сантехник, электрик немесе СЕО болсын, өз ісінің білікті маманы болса болды.