Қазақша посттар

Семіз айтып, арық шығу эффектісі

Қазақта арық айтып, семіз шығу деген ұғым бар. Мектеп директорлары басқа директорларға біздің оқушылар сынақ ҰБТ-дан 90 балл ғана жинап жүр деп төмендетіп айтады. Шындығында 110 баллдан жоғары жинап жүрген болуы мүмкін. Бұлай жасау себебі шынайы ҰБТ-ның нәтижесі әрдайым аздау шығады. Сонда 90 деп алып, 110 балл жинаса, арық айтып, семіз шыққан болады.





Осыны керісінше жасайтын адамдардың типі болады екен. Оны Крюгер мен Даннинг дейтін психологтар тауыпты. Сөйтсе, ешбір тәжірибесі жоқ адамдар өзін басқалардан әлдеқайда мықтымын деп санайды екен. Сенімділік, әрине, жақсы ғой. Алайда сенімділікті тіреп тұратын нәрсе керек емес пе???





Тәжірибелі адамдар әрдайым өзінің білімін аз санайды. Көпті көрген адам аз сөйлейді. Ал дым білмейтіндер барабан секілді даусы қатты шығады. Бір данышпанның сөзі бар: сөзі көптің қатесі көп деген. Олар өзінің қабілетін жоғары бағалайды. Өзгенің мықты қабілетін жоғары бағалай алмайды. Өзінің тәжірибесі аз екенін мойындай бермейді, тез үйрене саламын деп бағалайды.





Мұндай жағдай көбіне күлкіге қалдырады. Мұндай жағдайға тап болмас үшін:

- Сөзіңе жауап беретініңді ұмытпа. Қолыңнан келетін істі ғана айт.

- Білмейтін салаңды үйренуге ұмтыл.

- Өзіңнің біліміңді әрдайым аз сана. Жаңа нәрсені үйренуге асық.

- Үйренгің келген саланың мамандарынан өзіңді бағалауды сұра. Сенің деңгейіңді нақты анықтап береді.