Оқушыны кері қарай тартатын үш нәрсе бар: жалқаулық, жаман әдеттер, тәкаппарлық.
Жалқаулық. ҰБТ-ға дайындалғың келмесе; кітап оқығың келмесе; есеп шығарғың келмесе; спортпен айналысқың келмесе; диванда созылып жата бергің келсе, мұның бәрі жалқаулықтан келіп жатыр. Мұның міндетті түрде зиянын көресің. Шешімі: 5, 4, 3, 2, 1 деп сана да, бірден бастап кет. Әрбір ісіңді жоспарлап қойсаң, орындау оңай болады.
Жаман әдеттер. Біреуді өсектеу, қызғану, көре алмау, іштарлық, көрсеқызарлық, кеш жату, көп ұйықтау – бәрі жаман әдетке жатады. Олардың әрбірінен арылуға бір апта жұмса. Бір мезгілде бәрінен құтылуға тырыспа.
Тәкаппарлық. Мен білем; сенен жақсы білем; сен айтпай-ақ білем; бұл сұрақ ҰБТ-дан келмейді; көп дайындалмасам да ҰБТ-дан жоғары балл жинаймын; мен озат оқушымын, сондықтан жоғары балл жинаймын – осы ойдың бәрі тәкаппарлықтан шығады. Тәкаппарлық – білімнің қас жауы. Өзіңді кішіпейіл болуға бірте-бірте үйрет. «Мен білмеймін» деген деңгей білім алуға жол ашады.