Емтиханға, ҰБТ-ға, үй тапсырмасына дайындалу – күн сайын қайталана беретін нәрсе. Бірде оқисың, ал бірде мүлде оқығың келмейді. Оны кейінге қалдырсаң да, бәрібір құтыла алмайсың. Керісінше бітіру керек сабақтар көп боп кетеді. Осы мәселенің шешімін іздеп көрейік.
1. Күн сайын сабақ оқуға шамасы жетпей жүрген жалғыз сен емес. Бұл бәрінде болатын қалыпты нәрсе.
2. Сабақ оқитын арнайы уақытың болсын. Бірде таңертең, бірде күндіз, арасында кешке немесе түнде дайындалып жүрсең, миың ашып кетеді. Ал ылғи бір уақытта сабақ оқуға үйренсең, ағзаң үйреніп қалады.
3. Үлкен тапсырмаларды бірнеше бөлікке бөл. Мысалы, математикадан 50 есеп шығару қажет болса, оны 5 бөлікке бөл.
4. Тапсырманы біткен сайын өзіңе сыйлық жасап отыр. Тым болмаса өзіңді мақтап, көтермелеп қой.
5. Сабақты не үшін оқу керек, соның себебін А4 қағазға жазып, көрінетін жерге іліп қой. Оқуға ынтаң болмаған кезде соны бір оқып шық. Себептер әртүрлі болуы мүмкін: жақсы баға алу, жақсы университетке түсу, ата-анаңның үмітін ақтау, өзіңнің үмітіңді ақтау, ҰБТ-ны жақсы тапсыру, грантқа түспей қалудың алдын алу, ұстазыңды жерге қаратпау, артыңнан ерген бауырларыңа үлгі, бас-көз болу.
6. Әрине, кез келген мотивация өшеді немесе өшуі мүмкін. Сондықтан өмірге тәртіп енгізу керек. Тәртіп бір қалыптасса, қиын істі істеу жеңіл боп қалады.
7. Іш пыстыратын пәндерді қызықты ойынға айналдыр. «Бұл материалдің менің өміріммен қандай байланысы бар?» деп сұра. Немесе «Бұл ақпаратты өмірде қалай қолдануға болады?».
8. Таймер қоюды ұмытпа. Сол арқылы сабақ оқу деген мәңгілік нәрсе емес екенін сезінесің. 30-50 минут сайын 5-10 минут демалып ал.
9. Досыңмен жарысып оқы. Күн сайын кешке бір-біріңе есеп беріңдер. Досыңнан қалып қоймас үшін сенде ылғи мотивация болады.