Арқаны тік ұстау - бұл ішкі ағзалардың үйлесімді жұмысы. Дені сау омыртқа жүйке жасушаларын қыспайды. Содан миға қажетті мөлшерде оттегі барып, сабақ оқу және жаңа нәрсе үйрену оңайырақ болады.
Сколиоз қаупін азайтуға мына кеңестер көмектеседі:
1. Бойды толық созып, еркін қозғала алатын ыңғайлы төсек болуы керек.
2. Дұрыс позада ұйықтау. Ең дұрысы оң жақпен немесе шалқаңнан жату. Жастық тегіс және тура бастың астында тұруы керек. Бір қырыңа жатқанда омыртқаң түзу болсын. Егер жастық кедергі келтірсе, оны алып тастау керек. Етбетіңмен ұйықтау физиологиялық тұрғыдан дұрыс емес.
3. Отырған кездегі қалпыңа ерекше назар аудар — арқаң түзу, жамбас сәл алға шығуы керек. Аяқтар бір-біріне параллель, тізелер 90° бұрышта бүгілген, аяқтың табаны толығымен еденде жатуға тиіс.
4. Сабақ оқыған кезде міндетті түрде әр 30-40 минут сайын үзіліс жаса. Үстелден тұрып, жаттығу жаса, би билеп немесе ары-бері жүр.
5. Арқаңа толық тиіп тұратын және тығыз бекітілетін рюкзак таңда. Рюкзактың белдіктері кең болуы керек, ал ішіндегі оқулықтар біркелкі орналасу қажет.