Сабақ оқу керек екенін түсінсек те, көпшілігіміз орнымыздан тұрып, күш-жігерімізді жинап, істі бастап кетуге қиналамыз. Осы сәтте біз “2 минут” ережесін қолдануымыз керек. Оны мотивациялық кітаптардың авторы Джеймс Клир ойлап шығарған. Бұл әдісті шаруаларын кейінге шегеруді жақсы көретін адамдарға арнап жасапты. Егер істі 2 минут ішінде бітіруге мүмкін болса, дереу бітір дегенді білдіреді. Мысалы, тамақтан соң ыдысты жумай қалдырып, тау қылып жинағанша, аз уақыт ішінде бірден жуып тастаған тиімді. Әрине, барлық шаруаны бірдей 2 минут ішінде бітіре алмайтынымыз түсінікті, алайда, кез-келген істі бастауға осы уақыт жеткілікті.
Бір істің басын ұстап бастағаннан кейін тоқтау қиынға түседі. Шаруаны бітіруге 2-ақ минут кететініне миыңды сендіріп, кейін қалай 1 сағаттың өтіп кеткені еленбей қалады. Сондықтан да сабақ оқуға мотивация іздеме, бірінші бастап көр. Кейін қалай көптен бері ысырып жүрген шаруаңның біткенін байқамай қаласың.
Өзіңе күніне мақсатыңа жетуге 2, 5, 10 минуттан ғана уақыт бөлемін деп уәде бер. Бірақ КҮН САЙЫН осы уәдені орындауың керек. “2 минут” ережесін кез келген мақсатқа жетуге қолдана аласың.
Мысалға, спортпен айналысқың келе ме? 5 мин дене шынықтырудан баста. “Абай жолы” романын оқығың келе ме? Күніне 2 беттен оқып тұруға өзіңе уәде бер. Нәтижесінде көптен күткен спортпен де айналысасың, ал, оқыған кітап бетінің саны 2-ден міндетті түрде көп болады.