Қазақша посттар
2022-07-26 18:37 Мотивация

Өмірден алынған: мүгедектік мақсатқа жетуге кедергі емес!

1784 жылы Англиядағы бір қарапайым отбасында екі қолы және екі аяғы жоқ Сара есімді қыз бала дүниеге келеді. Денсаулығындағы ерекшеліктерге қарамастан Сара өте ақылды және зерек болып өседі.


Бір күні Сараны цирк басшысы байқап, оған циркте жұмыс жасауды ұсынады. Ол қаламды ауызымен қысып, жазып-сыза білгендіктен адамдар оның сол ерекшелігін көру үшін көптеп келе бастайды. Циркте жүріп, Сараның сурет салуға деген қызығушылығы ояна бастайды.

Алғашында пейзаж салудан бастаған ол, уақыт өте келе автопортреттерді салып, адамдарды айнытпай бейнелеуді үйренеді. Сараның талантын граф Мортон да байқап, оны патша сарайына алып кетіп, сарай суретшісі етеді.


Бұл Сараның сурет салуға деген құлшынысын одан сайын арттырып, тіпті патшайымның өзі Сараға өзінің және балаларының суретін салуға тапсырыс беретін дәрежеге жетеді.

Сара Биффен екі қолы, екі аяғы болмаса да өзінің табандылығы мен өмірге деген құлшынысының арқасында мақсатына жетіп, ағылшынның атақты суретшісі ретінде тарихта қалды.


Бұдан шығатын нәтиже: Мүмкін емес нәрсе жоқ. Егер адам шынымен қаласа, оның қолынан барлығы да келеді. Ең бастысы табандылық танытып, еңбек етуден ешқашанда қашпау қажет.