Қазақша посттар
Мотивация

Талапкерді мақсатына жетелейтін күш 😍

Альпинист таудың шыңында бірнеше күн бойы сарылып жүреді. Айнала көзді байлаған тұман. Қайда бару керек, лашық қайда, жол қайда – бәрі белгісіз. Мұндайда адамның еңсесін зіл басып, күші сарқылып тұрады.


Бірақ бір орында тұрған болмайды. Ары-бері жүріп әрекет ету керек.

Кенет тұманның бір шетінен қарауытып, алыстан көк түсті лашық көрінеді. Бітті, альпинистке осының өзі жетіп жатыр. Бойына тыңнан күш құйылып, қайратын бойға жиып, тастан тасқа секіріп, өрмелейді. Лашықты бетке алып, тез жетеді.


Альпинистке тыңнан қосылған қандай күш?

Сендер, оқушылар ҰБТ-ға дайындалғанда «оқуды неден бастаймын?», «қай пәннен бірінші дайындаламын?», «қай пәннен қалай дайындаламын?», «қанша балл жинауым керек?», «курсқа қатысам ба әлде репетитор жалдаймын ба?», «жеке өзім дайындаламын ба?» деп қалың тұманның ішінде жүресіңдер. Ақыр соңында ешқайсысын істегілерің келмей, еңселеріңді зіл басып тұрады.


Бірақ қашан қанша балл жинау керектігін білген соң, қай ЖОО-ға грантқа түсу керектігін білген соң, тыңнан күш пайда болады. Ол күштің бәрі бойларыңда бар еді, тек соны түртіп ояттыңдар. Яғни, алға мақсат қойдыңдар. Яғни, алыстан қарауытып көк түсті лашық көрінді. Енді соған жеткенше ылғи қайраттанып тұрасыңдар.


Өздерің салыстырып көріңдер: тұманда жүрген альпинист пен лашығын көрген альпинистің қайсысында күш бар? «Әйтеуір бір грантқа түссем болды» дейтін оқушы мен «педиатр боламын, ол үшін Алматыға пәлен ЖОО-ға түсемін, ол үшін 129 балл жинауым керек» дейтін оқушының қайсысында қайраты тасып жатыр?